Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтуде. Осыған орай, 2022 жылдың 24 қараша күні Алматы гуманитарлы-экономикалық университеті, «Педагогика бизнес және құқық» институтында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын атап өту барысында «Ұлттың Ұлы ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы» атты халықаралық ғылыми- практикалық конференция өтті.
Басқосуға ағартушының еңбектеріне қызығатын жастардан бөлек, оны зерттеушілер жиналды. Басты мақсаты – ұлы реформатор, мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ ұлттық ғылымның негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми – педагогикалық мұрасын келер ұрпаққа дәріптеп, оны кеңінен насихаттау.
Институт ғимаратында өткен алқалы жиынға зиялы қауым өкілдері, шетелдік және отандық танымал ғалымдар, профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлер қатысты. Сонымен қатар, Zoom платформасы арқылы да баяндамалар оқылып, «Алматы» телеарнасының тікелей эфирінде ел назарына ұсынылды.
Конференцияны институт түлегі Қаратай Темірлан жүргізіп, қазақ елінің жарқын болашағы үшін күрескен Алаш арысының еңбегі туралы кеңінен тоқталды. Алғашқы құттықтау сөз алған Қазақстандық ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің және «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері Асылы Әлиқызы Осман өзінің сөзінде: «Ахмет Байтұрсынұлы – түркі халықтарына ортақ ұлы тұлға. Оның ілімі халықаралық ғылыми кеңістікте, әсіресе түркі әлеміндегі гуманитарлық ғылымдарда реформаторлық идеяларымен ерекшеленеді»- деп атап өтті.
Конференцияға ұлы реформатордың немересі Қазақстан Республиксына еңбек сіңірген жаттықтырушы, көп жыл спорт саласын басқарған маман Байтұрсынов Серік Самуратұлы қатысып, құттықтау сөз сөйледі, институт тарапынан сый - сияпат көрсетіліп, шапан жабылды.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Фонетика бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Жұмабаева іс-шараға онлайн қатысып, «Ұлттық тәуелсіз сана туралы идеяның тұғырын Әлихан Бөкейхан саяси тұрғыдан қалыптастырса, Ахмет Байтұрсынұлы соның идеялық негізін тікелей орнықтырды деп есептеймін»- деп тұжырымдады. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Астана қаласындағы ҚР Президенті қарамағындағы «Ахмет Байтұрсынұлы Білім академиясы» мекемесінің директоры Ұлан Еркінбай «Ахмет Байтұрсынұлы және қазіргі білім беру жүйесі» атты баяндамасында: «Жазған сөз жаным ашып Алашыма!» деп өзінің өмірлік ұстанымын айқындап алған Ахмет Байтұрсынұлы Отанға адал қызмет етудің үлгісін көрсетіп кеткен бірегей ғалым» - деп атап өтті.
Сонымен қатар, конференция аясында «Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы бізге тарих алдындағы асыл жауапкершілігімізді, халыққа қызмет етудің қасиетті дәстүрін еске салады»- деді тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Тұрғараева Гүлфара Махамбетқызы.
Қоғам қайраткері, Ресейдің Экология және биоресурстар халықаралық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, DeDe Gorgud ұлттық қорының және «Azərbaycan dünyası» халықаралық журналының өкілі Насиха Гумарқызы өзінің құттықтау сөзінде: «Тіл білімінің, әдебиеттанудың және оқыту әдістемесінің бастапқы мазмұны Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерінде. Оның сол еңбектердегі ғылыми тұжырымдары мен қорытындылары әлі күнге дейін оқыту үдерісінде де, ғылыми бағытта да кеңінен қолданылуда. Қазіргі кезде әліпби түзуде, терминжасамда немесе тіл үйрету үдерісінде біз оның еңбектеріне соқпай кете алмаймыз. Өйткені ол негіздердің негізін жасаған аса көрнекті оқымысты, ағартушы ғалым», - деп атап өтті.
Конференцияда зиялы қауым өкілдері жан-жақты жарыссөзге түсті. Айталық, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ҚР журналистер одағының президенті Утешова Жарқын Конырбайқызы Американың Калифорния қаласынан онлайн қатысып, «Жазу мен сөйлеу тек тілші әдебиетшіге ғана емес барлық адамдарға керек. Дұрыс сөйлеу мен жазуға үйрететін пән – Қазақ тілі. Сондықтан қазақ тілінің орны ерекше болу керек» деген пікірін білдірді.
Сондай-ақ, келесі сөз кезегін алған тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сламбеков Зарықбек Қазақ халқының қоғамдық және мәдени оянуына қызмет еткен көрнекті қоғам қайраткері, ағартушы және лингвист А.Байтұрсынұлының қызметі түркі әлемінің бай мұрасының жарқын үлгісі екенін айтты.
Сонымен қатар, жазушы, алаштанушы-ғалым, ҚР мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, философия докторы, Түркия мемлекетінің Анкара Йылдырым Беязит университетінің постдокторанты Тоқтарбай Елдос Нүсіпұлы Ахмет Байтұрсынұлының бүкіл өмір жолындағы басты идеясы- қазақ халқының ұлттық санасын ояту, тұрмыс-жағдайын жақсарту, ол үшін жаппай халықты сауаттандыру өзінің ұлттық идеясы екенін жастарға кеңінен насихаттап айтып берді.
Барлық саналы ғұмырын қазақ қоғамында білім-ғылымның дамуына, мектеп, ағартушылық ісінің жанданып кемелденуіне бағыштаған ғалымды зерттеу барысында педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Танирбергенова Данетай «Ахмет Байтұрсынұлы-алаш ардагері-ұлт ұстазы», заң ғылымдарының PhD докторы, Американың Вашингтон қаласынан қатысқан Телеуов Ғалым Байғазыұлы «Ахмет Байтұрсыновтың саяси құқықтық идеялары», педагогика ғылымдарының кандидаты Ахатаева Калия Байқонырқызы «Ғұлама ғалымның ғибратты жолы-бүгінгі жастарға үлгі» бағыттары бойынша баяндамалар жасады. Ахмет Байтұрсынұлының әдебиеттану ғылымындағы орны туралы институттың студент-жастары Молдабек Аяулым, Шалхарбай Айдана, Дузелбаев Жомарт, Самбаев Мұқасан ғалымның өлеңдерін жатқа айтып, жарыссөзге түсті. Ахмет Байтұрсынұлы мұрасының негізгі арналарынан сөз қозғау мақсатында өткізілген ғылыми-практикалық конференцияда әлеуметтік жұмыстар жөніндегі директордың орынбасары, заң ғылымдарының PhD докторы Әлдекенов Сағат Құтбанұлы «Бұл конференция студенттер мен жас мамандарға дұрыс бағыт көрсетудегі кеңесшісі болатынына сенімім мол. Бүгінгі жастардың қарым – қабілеті алған білімі мен білігіне байланысты. Ертеңгі ел болашағы саналы ұрпақ қолында болса, онда өскеніміз» - деп қорытындылады.
Жиында ұлт ұстазы, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, түркітанушы, публицист, аудармашы, ақын, қоғам және мемлекет қайраткері, ағартушы, Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы мен еңбектері туралы кеңінен сөз қозғалды.
Тағылымды шара аясында Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін танытуға арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, келелі басқосу аясында Алаш мұраларын зерттеп жүрген бірқатар ғалым-қайраткерлер арнайы сертификаттармен марапатталды. Іс-шара бұқаралық ақпарат құралдарынан Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді.